IT Path Kz
288 subscribers
226 photos
3 videos
11 files
273 links
IT және Технологиялар туралы арна
Әңгімелесу орны: https://t.iss.one/itpathkz_chat

Барлық сұрақтар бойынша, баннан шығару - @fafnirdragon (Егер жарнама, болса жаза беріңіз осыған)
Download Telegram
Channel created
бисмилля деп бастадық
ассаламуалейкум, қазақ IT-іне үлес қосқысы келетін ағайын )
Ауылдан бірдеңе ашсам деп армандап жүргелі көп болып еді. Бірнеше күн бұрын 5-6 бала жиналып "ертеңнен бастап кірісеміз" деп шештік. Араларындағы жалғыз программист мен ғана. Сайт жасайтын команда құрмақ ойыммен бөлісіп едім, ауылда бір кәсіптің шетін ұстағысы келіп жүрген жігіттер қош-қоштап іле кетті. Арасында бірер жігіт не туралы айтып жатқанымды түсініп, жеке келіп үлкен рахметін айтып жатыр бастамаға. Кейбіреуі енді естіп, ойын қорытуда, ал біреуі бүгін ұқпасам, ертең ұғармын деген үміті бар, әртүрлі деңгейдегі жігіттер вацап чатқа жиналдық.
Сол күні түнделетіп үйдің жанындағы бала-бақшаның талдарының арасында, самалжайда бас қостық. IT команда қалай болады, қандай рөлдер, қандай мамандар болатынын түсіндірдім. Жастардың жалыны бар екен. Дегенмен бір күндік көкке атылу емес пе екен деп іштей уайымдап та қоямын. Бұрындары да өздерінің жүргізген жиналыстарына қатысып кеткен едім, сол кезде талай "орақ орған" бірақ артынан іске кіріспегендерін көргем. Бұл жолы да солай болмасын деп "ал енді не істейміз? нақты қандай әрекет қолданамыз? деген қорытынды сұрақты төтесінен қойдым.
"Бізге бас қосатын жер керек қой. Әйтпесе, әркім өзі дайындала алмайтын шығар" деп бастады Нұрбол.
"Біздің үйде кешкілік бала-шағаның қырғыны бар, ыңғайсыз" деп әңгімені астыртын сұрақпен жалғастырдым.
Ақылдаса келе Ерсіннің ескі үйіне барып дайындалатын болып шештік. Ертеңге дейін ол үйді жинап, дайындап қою керек. Қанша уақыт бойы адам тұрмағанын білмедім. Сырттан тоқ келмей тұр екен тіпті. Оны басы-қасында ұйымдастырып жүрген жігіттер өздері реттеді.
Ертеңіне сол үйге кешкі 9-да жиналып бірінші сабағымызды бастадық
"Ерсіннің үйі"
Ерсіннің үйі кезінде өздері осында тұрғанда барлық "алтыүйліктің" орталығы еді. Әкесі Әбдімәлік аға пысық, еті тірі кісі. Керек затты сол үйден сұрап алады барлығы. 2-3 су таситын арбасы, 2-3 балтасы, нан көметін мылқау пеші, тсс жұртқа керек дүние толып, сақадай сай тұратын.
Сырттан естіген адам бір шалқыған байдың үйі деп ойлап қалар, ал шындығында өте қарапайым тұратын. Аядай ғана 3 бөлмелі үй, сырты "верандамен" жалғасқан, оның сырты сәкімен жалғасқан. Әйтеуір, ағамыз қолдан келгенше шағын-ақ жердің шырайын келтіріп баққан.
Енді сол үйдің кең бөлмесіне 10 шақты бала сабақ өтпекшіміз. Кіріп келе жатқанда әзілдеп айтып қоямын " ай кезінде Цукербергтер тіпті гараждан бастаған. Біз де кейін үлкен компания болып кетсек әңгіме қылып айтамыз ғой осындай-осындай жерде басталып еді деп" деп )
1 сабақ
жалпы вебті фронт және бэк деп 2-ге бөлдім
фронтты тағы html,css,js деп 3-ке бөлдім

Сөйтіп, алғашқы сабақта html тегтердің жиі қолданылатындарын көрсетіп, жаңадан txt файл құрып, оның форматын html-ге ауыстырып, браузерден алғашқы "hello world"-ты көрсетіп бердім.

Ал енді қайталаңдар десем, ауылдың сабаздары басында файлдың форматын өзгерте алмай қиналмасы бар ма.
Оған да уақыт бөлуге тура келді. Үйлеріне тарқағаннан кейін де вацап чаттағы сұрақтың төресі осы болды )
Есесіне, проводниктің қуысындағы қулықтарды біліп алған соң сабақ жақсы жүріп кетті.
Мен ойламаған нәтижелер шыға бастады. Мен айтпаған тегтерді айта бастады жігіттер.
Біреуі <a href="https://mail.ru">asd</a> деп бір беттен басқа бетке өтіп тұрғанын көргенде, ішімде мыналардан бірдеңе шығады ау еген үміт жарқ ете қалды.
Сол сәтте видеоға түсіріп алдым. Бұйыртса, кейінірек осында құярмын : )
Ертеңіне аттрибуттарды өттік. Бірнеше тапсырмаларды өздеріне беріп көрдім.
Крокодил ойнадық. html тегтерді жасырдық. Қысқасы, кешегі өткен тақырыпты бекітумен айналыстық.

Бірақ, соңында бір қателікке бой беріп қойдым.
Сабақ біткенде арасында біреуі сабақ уақыты қысқа, тағы өтсек қалай деп қолқа салған, соған жарайды деп тағы өтіп көріп едім, жігіттер бірден шаршап қалды, көздеріне ұйқы келіп, есінеп, сосын енді олай қайталамаспын деп шештім )
#интрига :)
Айтпақшы, жалпы командада қазір 10 шақты адам жүр. 15 күндей шыдайын, қайсысы қалар екен, күтіп жүрмін. Соңына дейін апарам дегендері анықталғанда команда құрамымен бір таныстырып өтермін. Әсіресе, ХҚКО-да 12 жыл қызмет еткен 82 жылғы ағамызды : )
Бүгін алғашқы махаббаттың буы басылып, жігіттер жарқын болашақты қырғын талқылауға емес, қарапайым түрде жұмыс жасауға келгендері сезілді. Өзім де осы сәтті күткен едім...

Яндекс практикумның веб курсын өтейік деп ұсыныс жасадым. Сөйтсем Мардан бұл курстың 20-ыншы тапсырмасын жасап жатырмын дейді. Оны қайдан тауып алдың, кім айтты десем "алдында сіз html туралы оқыңдар деген кезде үйге барып іздегем, интернеттен осы шықты" деп тұр. Тағы бір іштей қатты қуанып, ал сырттай сыр білдірмеуге тырысқан сәтім болды. Бірден бас салып бәрінің көзінше мақтап, жақсы келе жатқан баланы құртып алмайын дедім. Артынан ерінбей гуглдап, онлайн шаблондарды қолданып бір кішігірім марапаттап қойдым
Сырттарынан қарасам жігіттердің біразында ноут жоқ екен. Келеді де бүкшиіп телефонмен өтіп отырады сабақтарын.
Яндекске рақмет сайттарын адаптив қылған. Бірақ қашанғы бұлай жалғаса бермек ? Қой бір жағынан жағдайды реттейін, бір жағынан от беріп қояйын деп "2-3 күнде html-ді бітірсеңіздер командаға 'кезекші' бір ноут әкеп қоямын" деп жария еткем, жігіттер жымың-жымың мәз болып қалды.
"2-3 күнге өздеріңді қалдырамын, сенбі күні біріңіз қалмай, барлығыңыз өтіп қоюларыңыз керек. Курсты тауысып, кешке бір шай ішейік" деп аяқтадым сөзімді.

Ішкі ойым: Код кодпен, тимбилдинг те керек қой, ә ?